«Tilqural.kz» - қазақ тілін оқытуға арналған веб-сервис. Сайтта қазақ тілін білмейтін ересектерге А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлерінде тіл үйренуге мүмкіндік беретін онлайн-курс бар.

Тіркелгеннен кейін пайдаланушы қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау үшін тестілеуден өтеді. Тестілеу нәтижелері бойынша жүйе оқу курсын ұсынады (5 деңгейдің бірі).

Сайт сөздік қорын толықтыруға, жаңа сөздердің мағынасын түсінуге және оларды күнделікті өмірде қолдануға, еркін оқуға, өз ойын ауызша да, жазбаша да жеткізуге, сөздерді дұрыс дыбыстауға, сөйлемдерді сауатты құрастыруға мүмкіндік береді.

Пайдаланушы жеке кабинетінде орындалған сабақтар бойынша статистиканы көре алады.

Қызметті Android, iOS платформалары арқылы жүктеуге болады.

Қаралым – 93 247.

 

Тілдік сауаттылықты арттыруға бағытталған сайттар

«Emle.kz» - сайты қазақша дұрыс жазу, жұртшылықтың тіл мәдениетін көтеру мақсатында құрылды. Деректер базасында қазақ тілінің өзекті орфографиялық сөздігі, орфография ережелері, осы салаға қатысты ғылыми әдебиеттер бар. Сайттың «Әдеби тіл нормалары» блогында сөз сазы, оның көркем әдебиет пен өмірдегі маңызы, ережелері мен қағидалары берілсе, «Орфография» блогында сөздердің дұрыс жазылу ережелері беріледі. Сондай-ақ кірме сөздер мен терминдік мәнге ие сөздердің бұрынғы және қазіргі жазылу барысындағы айырмашылықтары салыстырмалы түрде көрсетіледі. «Пунктуация» блогында тыныс белгілердің қойылу ретіне байланысты ережелер енгізілсе, «Аббревиатура» блогында қысқарған сөздер, олардың толық атаулары, қысқарылу реті, атаулар мен сөздерді қысқарту барысында басшылыққа алынатын қағидалар мен сүйенетін заңдылықтар келтіріледі. «Мақалалар» блогында осы саладағы ғалымдардың ғылыми мақалалары келтірілген. Оқырман автормен байланысып, мақаланың астына пікір қалдырып, сұрағына жауап ала алады.

Қаралым – 1 500 512.

 

«Termincom.kz» - сайты Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы терминологиялық комиссия бекіткен терминдерді бірыңғай электрондық базаға үздіксіз енгізу, қазіргі заманғы ғылым, білім, техника және экономика, қоғамдық-әлеуметтік бағыттар бойынша салааралық терминологиялық қорды біріздендіру және жетілдіру мақсатында құрылды.

Бұл терминологиялық лексиканы біріздендіруге, терминологиялық қорды толықтыруға, терминдер мен атауларды қазақ тілінің нормаларына сәйкес реттеуге, терминологиялық атауларды пайдалану тиімділігін арттыру үшін қалың жұртшылыққа арналған ақпараттық құралдың бір түрі.

«Termincom.kz» электрондық сайты «Бекітілген терминдер», «Терминдер хронологиясы», «Қолданыстағы салалық терминдер», «Ойталқы», «Құқықтық-нормативтік база», «Ғылыми-әдіcтемелік негіздер» және «Іздеу» блоктарынан тұрады.

«Бекітілген терминдер» блогында Республикалық терминологиялық комиссиясында мақұлданған терминдер орналастырылса, «Терминдер хронологиясында» терминдердің бекітілу мерзімдері және олардың сөздік ретінде жарық көруінен мәліметтер беріледі.

«Қолданыстағы салалық терминдер» блогында Республикалық терминология комиссиясының мақұлдауымен жарық көрген терминологиялық сөздіктер салынды.

«Ойталқы» айдарында бекітуге ұсынылатын терминдерге қатысты әрбір оқырман өз ой-пікірін қалдыра алады.

«Ғылыми-әдістемелік негіздер» блогында терминжасам мәселелеріне қатысты еңбектер ұсынылып отыр.

Қаралым – 2 901 202.

Ел тұрғындары мен мемлекеттік қызметшілерге құжаттарды сауатты толтыру бойынша үлгілік сайт

«Qujat.kz» - құжаттарды қазақ және орыс тілдерінде сауатты әзірлеу бойынша үлгілер мен нұсқаулықтар берілген электрондық база.

Сайтта іс қағаздарын жүргізу 2-ге бөлінген: «кеңсе» және «кадр» құжаттары, онда құжаттардың жеке үлгілері ұсынылған.

Құжаттарды іздеудің 3 түрі қолданылады: түрі және атауы бойынша және әріп бойынша жүйелі іздеу.

Құжаттардың екі жүзден астам үлгісі (қазақ және орыс тілдерінде) PDF және DOC нұсқаларында қолжетімді.

Құжаттардың үлгілеріне онлайн өзгерістер енгізуге арналған сервис жұмыс істейді.
Сайтта «Құқықтық негіз», «Мақалалар», «Кітапхана», «Терминдер», «Сұрақ-жауап» бөлімдері орналасқан.

Қаралым – 131 558.

 

Қазақ тілін латын графикасына көшіру барысын сүйемелдейтін сайт

«Qazlatyn.kz» (портал және конвертер) - еліміздегі латын графикасына көшу үдерісін сүйемелдейтін негізгі ұлттық портал.

Порталдың көпфункционалды конвертері мәтіндерді кирилден латынға және төте жазуға онлайн сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Конвертердің ішкі ядросы (кодтары) «Яндекс переводчик» веб-сервисіне орналастырылып, қазіргі таңда «казахский (латиница)» деген жазумен халықаралық деңгейдегі тілдер қатарына қосылды.

Қаралым: портал – 182 773, конвертер – 1 582 769.

 

Ономастикалық атаулар жинақталған сайт

«Atau.kz» - ономастика саласындағы сайт.

Сайтқа Қазақстан бойынша көшелердің, мәдениет, білім беру мекемелерінің, түрлі объектілердің атаулары жинақталған.

Сондай-ақ базада Қазақстан Республикасындағы жерлер мен су айдындары атауларының толық тізбесі бар.

Пайдаланушылар объектілерге атау беру ережелерімен, ономастика жөніндегі нормативтік-құқықтық құжаттармен, ұлттық және өңірлік ономастика комиссиялары туралы ақпаратпен, ономастика жөніндегі әдебиеттер тізімімен және зерттеу жұмыстарымен таныса алады.

Қаралым – 246 008.

 

Мемлекеттік тіл саясатының іске асырылу барысынан хабардар ететін сайт

«Tilalemi.kz» - тіл саясатын жүзеге асыру саласындағы жаңалықтар, лингвист ғалымдардың мақалалары, республикалық конкурстардың, іс-шаралардың ережелері және т.б. орналастырылған портал. Сонымен қатар порталда кітаптар, мультимедиялық бағдарламалар, сөздіктер мен журналдар орналастырылған.

Қаралым – 5 258 045.